Ресми сайттар
Видео

Bos jumys oryndary. Orystildi jýrnalıs qajet! «Nurly ólke» gazetiniń redaksıasyna jumys tájirıbesi bar orys tilinde jazatyn tilshi qajet. Baılanys telefondary: 8 (72772) 2 32 32, 8 705 965 3661

Bos jumys oryndary

Orystildi jýrnalıs qajet!
«Nurly ólke» gazetiniń redaksıasyna jumys tájirıbesi bar orys tilinde jazatyn tilshi qajet.

Baılanys telefondary:

8 (72772) 2 32 32,

8 705 965 3661


Главная » Bаsty bеt » Қоғам » Семей полигонына арналған басқосу

Семей полигонына арналған басқосу

23 Қыркүйек 2021

Қапшағай қалалық ардагерлер кеңесінің кеңсесінде «Nur Otan» партиясы Қапшағай қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Семей полигонының жабылуына 30 жыл» тақырыбында басқосу болып өтті. Басқосуға Қапшағай қалалық Ауған соғысы ардагерлер бірлестігінің төрағасы, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қанат Молдабергенов, қалалық Аналар кеңесінің төрағасы Дәметкен Нүсіпбекова, «Nur Otan» партиясы Қапшағай қалалық филиалының эксперті Айдана Әлімжанова, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері және Семей полигонының зардабын шеккен қала тұрғындары қатысты.

«Nur Otan» партиясы Қапшағай қалалық филиалы жанындағы отбасы әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау және жұмыспен қамту жөніндегі қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Дәметкен Нүсіпбекова: «Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына биыл 30 жыл толды. 40 жылдан астам уақыт халыққа зардабын тигізген полигон Елбасының бастамасымен 1991 жылы 29 тамызда жабылды. Осылайша егемендігін енді алған Қазақстан бүкіл әлемге ядролық қарудан ерікті түрде бас тартқан бейбіт өмірдің жаршысы ретінде таныла бастады. 29 тамыз тарих бетіне халыққа қасiрет пен үміт сыйлаған күн ретінде жазылды.

Егер, ресми деректерге көз тіксек, Семей полигонында 1949 – 1989 жылдар бедерінде 468 мәрте ядролық бомба сынақтан өткiзiлген. 1962 жылға дейiнгi сынақтар тек жер бетiнде жүзеге асырылған (30 жерүстi, 88 ядролық құрылғы ауада сыналған). Яғни ашық жағдайда. Мұның өте қауiптi екенi айтпаса да түсiнiктi жайт. Бұл қасіретке жер астында жасалған 350 ядролық сынақты қосыңыз. 1953 жылдың 12 тамызында тұңғыш термоядролық құрылғы, 1955 жылы 22 қарашада әлемдегi ең алғашқы сутегi бомбасы Семей топырағында сынақтан өттi. Полигонның жалпы аумағы 18500 шаршы метрдi құрады. Жылдам тараған улы радиация осы аумақта тұрған 1,5 млн адамға зардабын тигізді. Семей полигоны әкелген зардап пен ауыр азапты, ауру мен сырқауды, қайғы мен қасiреттi сөзбен айтып жеткiзу мүмкiн емес»,- деп Семей полигонын жабу арқылы Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тарту жөніндегі тарихи шешімінің маңыздылығына тоқталды.

Қалалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Назым Чажайбаева Семей ядролық полигонының жабылуы бүкіл әлемдегі ядролық сынақтарға мораторий қою жөніндегі халықаралық іс-қимылға және Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақты құруға негіз болғандығын тілге тиек ете отырып, халықтың Семей полигоны жабылғанымен оның зардабы толық жойылмағанын, әлі күнге сынақ алаңындағы жарылыстармен ластанып, уланған өңірде онкологиялық және жүрек-қантамыр жүйесі ауруларымен ауыратындардың статистикасы өсіп келе жатқанын, балалар арасында өлім-жітімнің жоғары екенін атап өтті.

Сонымен бірге ол өз сөзінің қорытындысында 1992 жылы «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» қабылданған заңның әлеуметтік жеңілдіктерін Қапшағай қаласында тұратын полигон зардабын шеккен азаматтардың толық пайдалана алмай келе жатқандығы туралы айта келіп, зардап шеккен адамдардың санын анықтап, Қапшағай аймағы бойынша Семей полигонына қатысты ұйым құру жөніндегі өзінің ұсынысын білдірді.

Зейнеткер Күлзипа Идришева 1989 жылы 29 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигоны тоқтатылғанын, бұның ел өмiрiндегi ғана емес, әлемдiк деңгейдегi маңызды қадамдардың бiрі болғандығын айта келіп: «Әсiресе, жазықсыз жұртты жалмаған, алты басты аждаһаның аузында тұрған полигоннан зардап шеккендер балаша қуанып, еңсе тiктелер, ел түзелер деген. Бірақ қырық жыл ажал қазанында қайнаған олардың осы үмiтi ақталды ма деген сұрақ туындайды. Қапшағай қаласында полигоннан зардап шеккен адамдар

тұрып жатыр. Олар әлі күнге өздеріне берілетін жәрдемақылар мен медициналық жеңілдіктерге қол жеткізе алмай келеді. Сондықтан Қапшағай қаласында Семей полигонына қатысты ұйым құрылуы жөнінде Назым Чажайбаеваның ұсынысын өте орынды санаймын»,- деді сөзінің қорытындысында.

Басқосудың соңында өзекті деген мәселелер сарапталып, келешекте атқарылатын іс-шаралардың жоспары сараланды.

Зарыққан ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ,

Қапшағай қалалық ардагерлер кеңесінің баспасөз хатшысы