Ресми сайттар
Видео

Bos jumys oryndary. Orystildi jýrnalıs qajet! «Nurly ólke» gazetiniń redaksıasyna jumys tájirıbesi bar orys tilinde jazatyn tilshi qajet. Baılanys telefondary: 8 (72772) 2 32 32, 8 705 965 3661

Bos jumys oryndary

Orystildi jýrnalıs qajet!
«Nurly ólke» gazetiniń redaksıasyna jumys tájirıbesi bar orys tilinde jazatyn tilshi qajet.

Baılanys telefondary:

8 (72772) 2 32 32,

8 705 965 3661


Главная » Bаsty bеt » Білім » Түлектер қатысқан салтанатты жиын

Түлектер қатысқан салтанатты жиын

27 Мамыр 2021

Уақыт деген дүниенің бір орнында тұрмай, өз жолындағының бәрін өтіп жатқан  иіріміне қарай өзгертіп отыратындығының көрінісі ретінде  мектеп өмірін айтуға болады. Кешегі мектеп табалдырығын имене аттаған бүлдіршін он бір жыл мектеп партасында отырып, білім алып, бозбалалықты артқа тастап, үлкен өмірге жолдама алатын мерзімнің алдындағы оқу жылының аяқталар сәті саналған соңғы қоңырауға келіп тұрады. Соңғы қоңырау мерекесі - әрбір түлек үшін алтын ұя мектептегі  ұмытылмас сәт.
Биыл еліміздің барлық білім беру мекемелерінде әлемді шарпыған пандемияға қатысты жарияланған шектеу шараларына  байланысты дәстүрлі соңғы қоңырау жиынына кезекші сыныптар сынып сағаты форматында, қашықтықтан оқығандар онлайн форматында қатыса алды.  Тек  11 және 9 сыныптарды бітірушілер  ғана инемен білім құдығын қазып, тағылымды тәрбие алған алтын ұяларындағы соңғы рет соғылған қоңырау үнін есту мүмкіндігіне ие болды.  Мектеп бітірушілерге арналған салтанатты шараның бірі Қапшағай қаласындағы іргелі білім ошақтарының бірінен саналатын №3 орта мектепте де болып өтті. Биылғы бұл білім ордасын бітіруші 43 түлектің бесеуі «Алтын белгі», екеуі «Үздік аттестат» үміткерлері болып отыр. Араларында  облыстық, қалалық олимпиада және ғылыми жоба жүлдегерлері баршылық екен.  
«Сәт сапар, жас түлек» атты түлектердің ғана қатысуымен өткен соңғы қоңырау мерекесінің салтанатты жиынына  қала әкімі Нұрлан Құматаев пен қалалық білім бөлімінің басшысы Раиса Ешімова құрметті қонақ ретінде қатысты.
Салтанатты шара мектеп алаңы аспанында асқақтай шырқалған әсем әуен ырғағымен талай дарынды шәкірттерін білімнің асқар шыңынан көрсете білген ұлағатты  ұстаз Анар Артықбаева мен  тәжірибелі, білікті де білімді ұстаз Бақыт Нұрмағанбетова сынды сынып жетекшілерінің  бастауымен мектепішілік, қалалық іс-шаралар мен байқауларда мектеп абыройын асқақтатқан, пәндік олимпиадаларда өздерінің білігін ұшқырлықпен дәлелдеп, облыстық сайыстардың  жеңімпаздары болып жүрген биылғы бітіруші түлектердің ортаға шерулетіп  шығуымен басталды.
Еліміздің асқақ әнұраны шырқалып, түлектер құрметіне ән-жырдан шашу шашылған соң, алғашқы сөз кезегі қала әкімі Нұрлан Құматаевқа берілді.
-Биыл тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы. Сондықтан, жас мемлекеттің өркендеуі, Ұлы дала елінің мәдениеті мен рухани құндылықтарын сақтап, одан әрі жетілдіру – өскелең ұрпаққа басты міндет. 2020 жылы пандемия салдарынан туындаған қиындықтарға қарамастан бірқатар білім мекемелеріне күрделі жөндеу мен абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде шуақты қаламызда 11738 оқушы білім алуда,-деген шаһар басшысы Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында ең жоғарғы балды осы №3 орта мектептің түлегі алып отырғандығын атап өтті.
Нұрлан Орынбасарұлы сөзінің соңында алғаш әріп танып, білім нәрімен сусындаған мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басу  адам өміріндегі ең бір айрықша сәт екендігін тілге тиек ете келе, толқынысқа толы сәтті бастарынан өткеріп тұрған барлық түлектерді осы бір айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтап, сәт-сапар тіледі.
Одан кейін сөз алған мектеп директоры Гүлдариға Жақсымбетова 2020-2021 оқу жылы әлемдік пандемия жағдайында өзіндік ерекшеліктерге толы жыл болғандығын,  оқушылардың қашықтан білім алғандығын, кезекші сыныптарға келген оқушылардың да болғандығын, қандай қиындық болса да, мектеп ұжымының оқу-тәрбие үрдісінің сапалы жүргізілуін басты назарда ұстап, бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп отырғандығын тілге тиек етті.
Келесі кезекте кеудесін шаттық кернеген мектеп  мақтанышы, «Алтын белгігіден» үміткер 11 «А» сыныбының түлегі  Жасұлан Амангелдіұлы Әсет  сөз алып, үлкен өмір жолына бастар  алғашқы қадам өз білім ордаларынан  бастау алмақ екендігін айтып, жас ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне көңіл бөліп, өздерін  талапты, білімді азамат боп қалыптасуымызға жағдай жасаған ұстаздар қауымы мен ата-аналарға  барша түлектер атынан алғыс сезімін  білдірді.  
Салтанатты шара барысында мектептің өнерпаз шәкірттері «Қазақ биін» мың бұрала орындап, «Ұстазым» әнін әуелете шырқады. Қолдарына көгершіндер ұстаған түлектер жыр жолдарын  оқып, кептерлерін ұшырды.
«Сәт сапар, жас түлек» атты соңғы қоңыраудың салтанатты жиыны  мектептің  «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» үміткерлерінің күміс қоңырауды сыңғырлата соғуымен қорытындыланды.

Айжарық БАҚТЫБАЙҰЛЫ