Ресми сайттар
Видео

Bos jumys oryndary. Orystildi jýrnalıs qajet! «Nurly ólke» gazetiniń redaksıasyna jumys tájirıbesi bar orys tilinde jazatyn tilshi qajet. Baılanys telefondary: 8 (72772) 2 32 32, 8 705 965 3661

Bos jumys oryndary

Orystildi jýrnalıs qajet!
«Nurly ólke» gazetiniń redaksıasyna jumys tájirıbesi bar orys tilinde jazatyn tilshi qajet.

Baılanys telefondary:

8 (72772) 2 32 32,

8 705 965 3661


Главная » Bаsty bеt » Білім » Шығыстың Макаренкосы

Шығыстың Макаренкосы

22 Сәуір 2021

 «Ұстазы мықтының ұстамы мықты» деп дана халқымыз текке айтпаса керек-ті. Бүгін біз сол ұстаздықты өмірлік бағытына балаған Чажайбаева Назым Сабазқызы жайлы сөз қозғамақпыз.
Ол Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының Шілікті совхозында ауыл шаруашылығы мамандарының отбасында дүние есігін ашқан. 1967 жылы осы совхоздың орта мектебін тәмамдаған. Содан кейін Алматы қаласындағы қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ол кезде С.М. Киров атындағы ҚазМУ болатын, сол жерге филология мамандығына оқуға түскен. Өрімдей жас қыз дипломын қолға алған соң, туған жерге қызмет қылайын деп ауылға қарай ат басын бұрған екен.  Осылайша, үлкен өмірге аяқ басып, мектепке жұмысқа кіріп, еңбек жолын бастаған.
- Кейіннен тұрмысқа шығып, азаматым Алтай екеуміз шаңырақ көтердік. Ол мен істейтін мектепте биолог-химик болды, анасы да мұғалім, әкесі мектеп директоры еді. Кіл ұстаздар жанұясына келін атандым. 20 жыл мектепте аянбай еңбек еттік. Дүниеге үш бала келді. Қазір олар да осы бір кірпіш дүниеге кетік болып қаланып, ұлым ұяға, қыздарым қияға қонды. Алла шөбере сүюді де маңдайымызға жазып, балапандарымыздың қызығын көріп отырмыз, – деді, Назым апай бізбен әңгімесінде.
Біраз жылдардан соң түйіп алары мол, тәлімі шексіз ұстаздық әлемінің жаңа парағы ашылып, 1979 жылы Тұғыл деген қала типіндегі поселкеге отбасымен көшіп келген. Бұнда да мұғалім болуды, балаға тәрбие беруді жөн көріп, жұбайы екеуі Ш. Уәлиханов атындағы орта мектепке жұмысқа орналасыпты. Екі қызын орыс сыныбына, ұлдары Жарасты қазақи тәрбие алсын, қазақи ортада өссін деген ниетпен қазақ сыныбына оқуға берген. – Орыс сыныбына оқуға берсек те, үйде қазақша сөйлеп, тілді құрметтеуді дәріптегесін қыздарымыз қазақы салт-дәстүр, жөн-жоралғының бәрін біліп өсті. Одан 2000 жылға дейін Тұғылды мекендеп, балалар есейгесін Алматыға, балалардың жанына көшіп келуге тура келді. Алматыда тұрғанда атама ауа райы жақпады ма, әйтеуір, қан қысымы қайта-қайта көтеріліп, тағдыр ең соңында Қапшағайға айдап әкелді. Атамның мәңгілік мекені де осы жер болып қалды – деп, Назым Сабазқызы өткен өмірін есіне алады.
Ол дүниенің ащы-тұщысын татып жүрсе де, ұстаздық жолдан айнымады. Педагогиканы өміріне серік қылды. Әдебиеттен сабақ беріп жүргенде Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев секілді ақындардың өлеңдерін оқытуға тыйым салынғанына іштей қаймыққанымен, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Сәбит, Мұхтар, Абай өлеңдерін оқытудың өзі оның ішіндегі булыққан сезімді су сепкендей басып, олқылықтың орны біртіндеп толып отырған. Қазақы қаймақтың арасынан теріп алып оқытса-дағы, білген адамға үлкен тәрбиелік мәні бар екенін түйсіну де көңілге қуаныш сыйлайтынын ол жақсы білді.  
Жөргекте баласы болғанда «апай бізге консультация өткізіңізші, кезекпен баланы біз қараймыз» деп оқушылары қолқа салып, түске дейін өз сабағына барып, түстен кейін оқушыларға тегін консультация өткізеді екен. Ұстаздың өз жұмысына берілгендігі мен шын ықыласы соншалық, ақылы сабақ беру деген ой мүлде болмаған.
Сондай-ақ, Назым Сабазқызы шығыста мұғалім боп жүргенде жетім, жартылай жетім, аз қамтылған, материалдық жағдайы төмен балалармен жұмыс істеген. Бұл оның жүріп өткен жолындағы ізгі әрі есте қалатын істердің бірі болғанын өзі де жасырмайды. Осы балалардың қамын ойлап, ол әкімдік есігін қаққан. Әкімдік болса, айтқан өтінішін жерде қалдырмай, бүкіл мекеменің басшыларына үлкен жиналыс жасапты. Әр мекеме жағдайына қарай ақша бөліп, балаларға керек-жарақтың түгелін алып, барынша қамтамасыз етуге тырысып баққан. Бұл қайырымдылық шарасының нәтижесі балалардың кейбіріне үй алып беру секілді жоғары деңгейдегі іске дейін көтерілген екен. Шығыстағы көмір бастауына иелік ететіндер мұқтаж оқушылардың үйлеріне көмірін тегін түсіріп те беретінге айналған. Сонымен қатар ол анасы өмірден озған бір баланың үйін өкімет «алып аламыз» дегенде құжат пен дәлел жинай жүріп сотта жеңіп, үйін өзіне қалдыруға көмектескен. Назым апайдың екінші игі бастамасы «Жүрек жылуы» деген қайырымдылық концертін ұйымдастыруы еді. Жақсылық жасасаң жан семіретіні қашаннан бәрімізге белгілі. Ардагер ұстаздың жасаған жақсылығы шығыс жұртшылығына тасқа қашалып жазылғандай әсер қалдырғаны еш күмәнсіз.
Қапшағайға көшіп келген соң да ол қоғамдық істерден қол үзбеді. Ата-аналар комитеті болды, қазіргі таңда қалалық «аналар кеңесіне» мүшелікте. Ол арыз-шағымы бар аналарды тыңдап, олардың түйіткілді мәселелерінің түйінін тарқатып беруге ұмтылып жүрген жайы бар. Бала тәрбиесінен басталған жол аналарға демеу болумен өз жалғасын тапты.
Ардагер ұстазымыз: «артымыздан ерген ұрпақтарымыздың өзгеріске ұшырамаған руда екенін ұмытпағанымыз абзал. Оны қандай ыстықта өңдеп, қандай өнім қып шығарасың, өз қолыңда. «Ұстаздық - ұлы іс» деп, кемеңгер жазушымыз М. Әуезов айтқандай, бұған лайық болу үлкен абырой, басты борышымыз болды. Мұғалім - мамандық болса, ұстаздық қасиет - табиғат дарытқан құдірет. Бойыңа қуат, жүрегіңе жігер беріп өрге сүйрейтін де, жаныңа азық, өміріңе өзек боп төрге сүйрейтін де осы. Бүкіл ұстаздар қауымын әр баланың жан-дүниесін танып-білуші әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі деуге болады» деп, есті ой қозғайды.
М.  Жұмабаев:  «Ұстаз − бала-
ның жеке тұлғасын  қалыптас-тырушы, маңызды тәлім-тәрбие өнегенің  бастаушысы, жарқын үлгісі, бала қиялын самғатып, арманын көкке ұмсындырушы тұлға» деген екен. Назым Сабазқызы Мағжан ақын айтқан биік тұлға атына лайық екеніне, әсіресе, шәкірттерінің шүбә келтірмейтіні анық.
Сөз соңында, болашаққа азық болар білім берген ұстазымыздың өмір жолы көпке үлгі екендігін айтқымыз келеді.

Ақерке ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ