Ресми сайттар
Видео

Bos jumys oryndary. Orystildi jýrnalıs qajet! «Nurly ólke» gazetiniń redaksıasyna jumys tájirıbesi bar orys tilinde jazatyn tilshi qajet. Baılanys telefondary: 8 (72772) 2 32 32, 8 705 965 3661

Bos jumys oryndary

Orystildi jýrnalıs qajet!
«Nurly ólke» gazetiniń redaksıasyna jumys tájirıbesi bar orys tilinde jazatyn tilshi qajet.

Baılanys telefondary:

8 (72772) 2 32 32,

8 705 965 3661


Главная » Bаsty bеt » Денсаулық » Мейірімді медбике

Мейірімді медбике

03 Маусым 2021

Медбикелер – шеберлік пен білімді ұштастырған, науқас жанға жан-жақты күтім жасайтын, тиянақты ем-шарасымен бірге жылы сөзімен де жағымды көңіл-күй сыйлап, аурудан тез айығуына ықпал ететін кішіпейіл де мейірімді жандар. Бүгінгі медбикелерді тек дәрігер айтқанының орындаушысы ғана деп түсінуге болмайды. Олардың міндеті – адамдарды, отбасыларды, халықты психикалық, физикалық, әлеуметтік потенциа-
лын жүзеге асыруға үйретіп, дағдыландыру. Десек те,  әр саланың өз қиындығы бар. Әсіресе, ЖИТС орталығына қарасты сенім бекеті мен достық кабинеттерінің медбикесі болудың жауапкершілігі - өз алдына бір төбе. Олай дейтініміз, халықтық әлсіз топтары: АИТВ-мен өмір сүретін жандарға, әсіресе инъек-циялық есірткі қабылдайтын адам-дарға қызмет көрсету әдеттен тыс батылдық пен шыдамдылықты қажет ететіні айтпаса да түсінікті.
Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының  аудан, ауылдарда орналасқан 9 Сенім бекеті, 2 Достық кабинеті бар.  Онда өз ісіне ысылған тәжірибелі медбикелер, әлсіз топтармен жанды байланысқа шыға алатын аутрич-қызметкерлер жұмыс істейді. Солардың бірі - Қапшағай қаласындағы Достық кабинетінің медбикесі Альмира Сатылғанова.
Альмира Ракипқызының әлсіз топтарға жүйелі профилактикалық және емдік-диагностикалық қызмет көрсетіп келе жатқанына сегіз жылдан асты. Республикалық медицина училищесін үздік тәмамдап, Қапшағай қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында медбике болып еңбек жолын бастаған оның жалпы еңбек өтілі – 24 жыл. 2013 жылы Достық кабинеті ашылып, Альмираға ұсыныс түсті. Оның мұндағы қызметі ең бастысы - еріктілік және құпиялылық қағидатына негізделген.
Біз үшін негізгі саналатын бұл топтың стигма мен кемсітушілік салдарынан қоғамнан оқшаулау жүретіні тағы аян. Сондықтан олармен өз тілінде сөйлесе білу, қарапайым байланыс орнатып, емдік-психологиялық көмек беру, яғни шприц, мүшеқап, оқыту құралдары мен жадынамаларды уақытында үлестіріп отыру,  жоспарлы тестілеуден өткізу оңай шаруа емес. Қарапайым тілмен айтқанда, олар бізді көрсе жүздерін бұрып, тұра қашады. Ондай кезде аутрич-қызметкерлердің қосар үлесі айрықша екенін айтып өткен жөн.
Жалпы, көпшілік АИТВ мен ЖИТС туралы естігенмен, өзіне бұл індет мүлде қатысы болмайтындай  тосырқай қарайды. Дегенмен, бұл індетті жақын досыңыз не көршіңіз жұқтырған болар, бірақ ол жағын оңайлықпен біле алмайсыз, біз де айтпаймыз, себебі ол – заңмен қорғалатын құпия, - дейді Альмира Ракипқызы қызметінің қыр-сырымен бөлісіп. – Аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға келсем, бүгінде ел ішінде АИТВ жұқпасын жыныстық жолмен жұқтыру басым болып тұр. Түрлі себеппен есірткіге елітіп жатқан жастар да баршылық. Мәселен, бір Қапшағайда иньекциялық есірткі қолданатын 31 адам «Д» есебінде тұр. Ал Алматы облысында бүгінде 3792 адам АИТВ жұқтырған. Олардың көпшілігі – 30-39 жас аралығындағы, яғни жұмысқа жарамды, дер шақтағы азаматтар. Үш айдың ішінде  науқастар саны 72 адамға көбейді, бұл ойланарлық жай. Сондықтан әрбір азамат алдымен өз денсаулығына, яғни өміріне жауапкершілікпен қарауға тиіс, - дейді А.  Сатылғанова.
Иә, АИТВ денсаулық сақтау саласының толық емі табылмаған жаһандық проблема екенін ұмытпау керек. Дегенмен, бүгінде АРТ препараттары арқылы адам ағзасындағы вирустық жүктемені төмендетіп, қалыпты өмір сүруге барлық жағдай жасалған. Тек дәрігер тағайындаған дәрілерді уақытылы ішіп отырса болғаны. Ал ең тиімдісі жарыңа немесе серіктесіңе адал болып, темекі, арақ секілді зиянды әдеттерден аулақ жүрсек, яғни салауатты өмір салтын ұстансақ, көп қиындықты айналып өтеріміз хақ.  
 
Өз тілшіміз