Ресми сайттар
Видео

Bos jumys oryndary. Orystildi jýrnalıs qajet! «Nurly ólke» gazetiniń redaksıasyna jumys tájirıbesi bar orys tilinde jazatyn tilshi qajet. Baılanys telefondary: 8 (72772) 2 32 32, 8 705 965 3661

Bos jumys oryndary

Orystildi jýrnalıs qajet!
«Nurly ólke» gazetiniń redaksıasyna jumys tájirıbesi bar orys tilinde jazatyn tilshi qajet.

Baılanys telefondary:

8 (72772) 2 32 32,

8 705 965 3661


Главная » Bаsty bеt » Мәдениет » Ұлыларды ұлағат тұтқан азамат еді

Ұлыларды ұлағат тұтқан азамат еді

15 Сәуір 2021

Кімге қанша ғұмыр берілетіні бір Аллаға ғана мәлім. Ал, өмірінің әрбір сәтін, әрбір күнін алыс-жақынмен тек қана жақсылыққа арнап, сыйластықпен өткізген жандар өмірден өткенде жаның құлазып, тілің күрмеліп, өзегің өртеніп сала береді. Осы күйді мен Өскеменде жүріп, қаралы суық хабарды естігенде тағы бір мәрте бастан кештім. Серікболсын менен небәрі бір ғана жас кіші болатын. Әйтседе қашан жолықсақ та сіз деп ізет білдіріп, құрмет көрсетіп, алдымнан кесе көлденеңдеп өткен күні жоқ. Енді соның бәрі-өткен шақтың елесі. Серікболсын Қыдырбайұлы Бекбосыновтың дүниеден озғанына да міне, 40 күн болыпты. Баяны, байлау жоқ тұрлаусыз дүниеге тоқтау бар ма?!
Семей өңірі, оның ішінде киелі Шыңғыстау топырағы дарындылар мен таланттыларға ешқашанда кенде болмаған. Қазақ аспанынан жарқырап шыққан жарық жұлдыздардың үркердей ұлы шоғырында алдымен есімдері аталатын үш арыс, үш бәйтерек - Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Омарханұлы - Шыңғыстауда дүниеге келіп, әлемді мойындатқан дала сахнасының төрінен көрініп тұтас адамзатқа ортақ биік парасатты мұраттарымен, болашаққа деген сенімдерімен, бүгінгі ұрпаққа ұлылықтарымен әйгіленген ұлы тұлғалар. Өнер әлемінде өзінің қайталанбас орны, өз биігі бар Серікболсын да осы Шыңғыстаудың қасиетті топырағынан түлеп ұшты.
Осыдан үш жыл бұрын қалалық
мәдениет үйінде көңіл түкпіріндегі ой-сезімдерін   өлең  жолдарымен
өрбіткен ақын, домбырамен әуеле-
те ән шырқап, жыр-термені төгілдір-
ген дәстүрлі әнші, Бүкілодақтық фестивальдің лауреаты, Шығыс Қа-
зақстан мен Алматы облыста-рының және  Қапшағайдың  өнері мен мәдениетінің өркендеуіне елеулі үлес қосқан Серікболсын Қыдырбайұлының  асқаралы 60 жасқа толып, барша тілеулестерінің басын қосқан салтанатты кеш болып өткен еді. Мерейтой аясында оның өз бастамасымен құрылған «Шыңғыстау» халықтық - отбасылық ансамблі кең көлемдегі концерттік бағдарламасында ұзақ жылдар тер төгіп еңбек еткен мәдениет қайраткерінің өмір жолына кеңінен шолу жасап, қол жеткізген жетістіктері жайында кеңінен әңгімелеген жан жадыратар керім кештің өткені де күні кеше сияқты есте қалды.
Иә, өмір есігін ашқан әрбір жанның Құдай берген дарыны болады. Соны дұрыс таба білген жан өмірден де өз орнын табады дегенге келсек, кез келген қасиет әкенің қаны, ананың сүтімен қонатыны табиғи заңдылық. Аяулы анасы Гүлжамал ел ішінде белгілі жезтаңдай әнші, ойын-сауықтың шырайы болса, нағашы атасы Көкбай Жанатайұлы хакім Абаймен 1880 жылдан бастап жиырма бес жыл жолдас, дос болған, Абайдың ең талантты ақын әрі әнші шәкірттерінің бірі еді. Нағашыларынан дарыған қасиет Серікболсынның бойына жұғысты болды да, өмірінің соңына дейін ақындықты, әншілікті жанына серік етті, қайда барса да қолынан домбырасы түспеді. Ол он жасынан әнге әуес болып жетілді. Санасына халық әндерінен бастап Абай әндерін, қазақтың ақиық ақындарының жырларын, күміс көмей сазгер, сал-серілердің әндерін сіңірді.
Тоғыз қыздың ортасында бетіне жел тимей еркелеп өскен Серікболсын әскерден келгенде әкесі Қыдырбай: «Балам азаматтық міндетіңді атқарып, оң мен солыңды танып келдің. Енді салиқалы өмір жолыңды таңдау тұр. Маған салсаң заңгерлік немесе дәрігерлік оқуға барғаның дұрыс» дегенде, «Әке менің өмірлік серігім домбыра ғой» деп әкесінен бата сұраған екен.   
Содан 1978 жылы Семей қаласындағы М.Төлебаев    атын-
дағы  музыка  училищесіне   оқуға
түсіп, оны тамамдағанан кейін еңбек жолын туған ауылы Құндыз-
ды ауылдық клубының меңгерушісі қызметінен бастайды. 1983 - 1990
жылдары аралығында «Қаламқас» ән-би ансамблінің солисті және домбырашысы, халық театрының актеры ретінде қызмет атқарып, сахнада Шәкәрім Құдайбердіұлының образын тұңғыш сомдаған актер ретінде көпшілікке танылды, Бүкілодақтық фестивальдің лауреаты атанды. Абай аудандық саз мектебінің домбыра және дәстүрлі ән сыныбының оқытушысы қызметінде болған ол 1989-2006 жылдары музыка және өнер мектептерінде жұмысын жалғастырып,      жасөспірімдерді
өнерге баулуда, рухани-эстети-калық тәрбие беруде, халықтық дәстүрлі әндер шығармашылығын дамытуда өз ізін қалдырған ұстаз атанды. Қапшағай қаласындағы Балалар шығармашылық орта-лығында одан дәріс алған шәкірттері Венгрияда, Испания-да және Мәскеу қаласында өткен халықаралық байқауларға  қатысып, лауреат, дипломант атанды.
Серікболсынның бастамасымен құрылған «Шыңғыстау» халықтық - отбасылық ансамблі 2004 жылы Қапшағай қаласында отау тікті. Фольклорлық ан-самбльдің репертуарына дәстүрлі және эстрадалық әндер, жеке домбырада және қобыз аспабындағы күйлер, фольклорлық туындылар енгізілді. Ізденіс зая кеткен жоқ. Өнер шыңында шарықтаған  Бекбосыновтардың отбасылық ансамблінің атағы қысқа мерзім ішінде Алматы облысы жұрт-шылығына танылды. Осы жолда тамшылата тер төгіліп, тынымсыз еңбек жасалды. Ақыры межелеген асулардан асты. 2009 жылы 23 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрінің №179 бұйрығына сәйкес «отбасылық-халықтық ансамблі» атағы берілді. Ән сөзіне аса байыппен қарайтын, ән айтқан кезде ұлттық нақышты, ұлттық бояуды жоғалтпауға тырысатын талғампаз әнші ретінде Секең облыстық, республикалық байқауларда сан мәрте оза шауып, талғампаз көрерменнің ыстық ықыласына бөлене білді.
Серікболсын Қыдырбайұлы Алла Тағаланың берген дарынын саудаға салудан бойын аулақ ұстап, ешкімнен шен-шекпен дәметпегені рас. Өнердің халық қазынасы екендігін, тыңдаушысы да, сынаушысы да қалың көрермен болғандықтан абырой-беделі халыққа ортақ екендігін жан-дүниесімен түйсіне білгендіктен сөзімен ісі астасып, кісілік қасиетін тұғырлы  биіктен төмендетпеді. Ұлттық құндылыққа, ұлттың әні мен жырына мұқият, жанашырлықпен қараумен болды. «Домбырасыз, күмбірлеген күйсіз, дәстүрлі әнсіз, қазақ - қазақ па?!» деп ұлттық болмысты сақтау мәселесі төңірегінде қызу пікірталас туындағанда намысты қайрап, жігерді  жани сөйлеп, ширыға түсетіндігі өнерде жүрген серіктестерінің жадында.
Өмірін өнерімен өрнектеген Серікболсын Қыдырбайұлы айтары жоқ, Қапшағай өңірі мәдениеті саласының өсуіне өзіндік сүрлеуін қалдырды. Құдай қосқан қосағы Алмаз Ақатқызы да - өнердің тұма бұлағынан сусындаған жан. Екеуі киелі дәстүрді перзенттерінің санасына бесігінен сіңірді. Бұл күнде інісі Нұрболат, қыздары Әсем, Айнұр, Мөлдір кәсіби өнер оқу орындарын тамамдаған, әр түрлі музыкалық аспаптарды шебер меңгерген білікті маман. Олар бала кезден қалалық, облыстық, республикалық өнер байқауларына қатысып жүлделі орындардан көрінді. Ал, өнер жолына баулыған шәкірттері Секеңді ұстаз  тұтып, өнегелі өмірін, ғибратты жолын  темірқазық етіп ұстанып келе жатқаны да баршаға аян.
14 жыл Қапшағай қалалық мәдениет үйінің директоры, 2017 жылдан Арна ауылдық мәдениет үйінің басшылық қызметін атқарғанда уақытпен санаспай еңбек етті. Осы кезеңде жыл он екі ай бойы ұйымдастырылатын  түрлі мәдени іс-шаралардың, концерттік  бағдарламалардың, сахналық қойылымдардың басы-қасында жүрді. «Ән салған адам сезім қылын шертетін әдемі үнімен жүрек тебірентеді. Тыңдаушының жанын жадыратып, мұңын тарқатады. Ал, бізге өнер адамдарына одан артық рахат жоқ» деуші еді. Арна ауылындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары басталғанда құрылыс-шылардың қасынан табылып, қона жатып қоян-қолтық жұмысқа араласты. Құрылыс сапасына барынша бақылау, қадағалау жасағандығының нәтижесінде мәдениет ошағы жаңаша түрленді. Секеңнің ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетіне арналықтардың шын ықыласты көңілмен  риза болғанын көзіміз көрді.
Өмірінің соңғы жылында өзі ұйымдастырған «Қапшағай толқындары» вокальды-аспаптық ансамблінің алғашқы концертін тамашалаған жұртшылық өте жылы қабылдады. Репертуарын толықтырып, облыс аудандарын гастрольдік сапармен аралап қайту алдағы жоспарларының бірі болатын. Енді оны орта жолда тоқтатпай өнерде қатар жүрген замандастары мен шәкірттері ары қарай жалғастырар деген ойдамыз.
Серікболсынның бір қыры ақынжандылығы еді. Ара-тұра баспасөз беттерінде өлеңдері жарияланып жүргені болмаса, кез келген жырын жөн-жосықсыз ұсына беруді өзі де жөн көрмеді. Келешекте өлеңдері жинақталып, кітап болып басылып, өлең сүйер қауыммен қауышар деген үкілі үміт бар. Өйткені жан адамға ашып айтпаған рухы мен сезімін, мұңы мен шерін өлеңмен кестелеп кеткені анық ақиқат.
Ол өнерімен өзіне ғана емес, өзгеге де бақыт сыйлай алады. Дәстүрлі әнші ретінде өнерсүйер қауымның жанын нұрландырып, игілігіне қызмет етті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа бата берген батагөй қария, халық ақыны, композитор Шәкір Әбеновтің ән мұрасын зерттеуші, орындаушы  және Шәкір әндерін насихаттаушысы болды.
- Қадірлі ақсақал, алаш арыс-тарының көзін көрген текті ұрпақ, өмірі қуғын-сүргіннен көз ашпаса да еш қайыспаған қазақтың қара нары халық ақыны Шәкір аға 95 жас ғұмырының 40 жылға жуығын қуғын-сүргінмен өткізіп, темір тордың ар жағына бір емес, екі рет түссе де сағын сындырмаған қасиетті қарттың шәкірті болғаным үшін өзімді бақыт санаймын. Адам қашанда өзінің адам деген атын жоғары ұстауы керек. Ол рухани тұрғыда тозбауы қажет. Ел еңбегіңді қадірлеп, лайықты құрмет көрсетіп жатса, сенің өмірде тапқан табысың сол болмақ. Серікболсын інім соңғы бір кездескенімде осылай деген еді. Айтары жоқ өзі де адалдықты, имани тазалықты сақтап, адам деген кісілік қасиетін биік ұстап өтті.
Ендігі кезекте саналы ғұмырын өнер жолында сарп еткен арлы азаматтың алдында тірілердің өтейтін парызы тұрғандығын еске салсақ айып болмас. Жиырма жыл Қапшағай қаласының мәдениетінің дамуына өзіндік үлесін қосып, орыстанып кеткен шаһар сахнасын қазақы леппен байытып, ұлттық реңкпен түрлендіріп, рухани тынысын кеңінен ашқан Серікболсын Қыдырбайұлын есте қалдыру мақсатында бірқатар іс-шараларды ұйымдастыру қолға алынса нұр үстіне нұр болар еді.
Соның алғашқы кезеңінде Қапшағай қаласында оның атында дәстүрлі ән байқауы өткізілсе, желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ арасында дәстүрлі әншілердің қатары молыға түсер еді. Бұл ертеңгі күні қастерлі қазынамызды насихаттаушылардың қатарын көбейте түссе, екіншіден ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан киелі мұрамыздың тінін үзіп алмауымызға жасалған шексіз қамқорлық, нақты қадам болары анық.
Бұл қапшағайлықтардың көзі кетсе де, көңілден кетпеген Серікболсын Бекбосыновтың рухын қадірлеп, еңбегін бағалап, қастерлей білетіндігін көрсетер еді. Осы және басқа да жайларды қала басшылары ойластырса деген ізгі тілек бар. Бұл  өнерді қастер тұтқан барша жұртшылықтың тілегі десек қателеспейміз.

Зарыққан ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ,
Балқаш ауданының Құрметті азаматы,
Қазақ журналистикасының қайраткері