Ресми сайттар
Видео

Bos jumys oryndary. Orystildi jýrnalıs qajet! «Nurly ólke» gazetiniń redaksıasyna jumys tájirıbesi bar orys tilinde jazatyn tilshi qajet. Baılanys telefondary: 8 (72772) 2 32 32, 8 705 965 3661

Bos jumys oryndary

Orystildi jýrnalıs qajet!
«Nurly ólke» gazetiniń redaksıasyna jumys tájirıbesi bar orys tilinde jazatyn tilshi qajet.

Baılanys telefondary:

8 (72772) 2 32 32,

8 705 965 3661


Главная » Bаsty bеt » Басқа » Шарапатты айдағы сауабы мол шаралар

Шарапатты айдағы сауабы мол шаралар

29 Сәуір 2021

Рамазан айында ауыз бекіткен жандарға ауызашар беру-үлкен сауап. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген кісі  ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді», – деген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисіне сүйеніп, қасиетті айда ораза ұстаушыларға  ауыз аштырушыларға үлкен сауап болатындығын түсініп, сауаптан үміт еткен қапшағайлықтар жыл сайын  өз шаңырақтарында ауыз бекіткен жақын-жуықтарына ауыз аштырып, кейбір қалталы да жомарт жандар мейрамханалар мен асханаларда  арнайы дастархан жайып, бірқатар қайырымды азаматтар жекелей немесе бірнешеуі бірігіп қалалық мешітте жамағатқа ауызашар  беріп,  сауапты амал жасайтын. Алайда, соңғы екі жыл көлемінде  әлемді шарпыған пандемияға байланысты ондай шараларды өткізуге тиым салынғаны белгілі. Соған қарамастан Қапшағай қалалық орталық мешітінде жылдағы дәстүрге айналған ауызашар беру рәсімі өз жалғасын тауып келеді.
Шарапатты ай басталғаннан бері мешіт қызметкерлері тарапынан барлық  санитарлық талаптар  сақтала отырылып, ауыздары берік қала тұрғындарына полиэтилен дорбаларға салынған  бір рет қолданылатын ыдыстағы ыстық тамақ,  бірнеше дана құрма, пластик құтыдағы сусын, бір жапырақ нан мен шәй ішуге арналған тәттілерден тұратын жиынтықты алдын ала жасалған тізім бойынша берілген талондар арқылы  таратылуда.
Қапшағай қаласының бас имамы Алдажар Сейітұлының айтуынша, мешіт арқылы күніне ең кемі 200 адамға  ауызашар қоржыны үлестіріледі екен. Сондай-ақ, әлемді шарпыған қауіпті індеттің алдын алу мақсатында қалалық мешіт ұжымының осындай қадамға барып отырғандығына түсіністік танытқан қайырымы мол мәрт жандар да бұрынғыдай кафелер мен құлшылық үйінде ауыз аштыру мүмкіндігіне ие бола алмағандықтан бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Ауызашар қоржыны»  бастамасымен үйлесім тапқан игі іске өз үлестерін қосуды мақұл көріпті.  Кей күндері демеуші болмай қалып жатса, мешіт жамағатының арасындағы жомарт жандар  қаражат жинап,  мұндай сауабы мол шараның үзіліп қалмауына  себепкер болатын көрінеді.  
 Алла елшісінің бір хадисінде «Егер кімде-кім Рамазан айында адал табысымен ауызашар берсе, періштелер Рамазан айының соңына дейін оған дұға жасайды», –деген екен. Осы орайда қалалық орталық мешіт арқылы күнделікті 50 отбасына нан таратып, Рамазан айының құрметіне орай, көмекке зәру 20 отбасына азық-түлік тарту еткен «Аялдама» асханасының басшысы Алтынбек Ибраевтың жомарттығын атап өткен жөн. Сонымен бірге Алтынбек Еркінбекұлы  бір топ мектеп оқушылары ораза тұтқан кісілерге құрма мен су таратып жүргендерін көріп, олардың бастамаларына қолдау білдіріп, сауапты істерінің әрі қарай жалғасын табуы үшін демеуші болған.

Айжарық БАҚТЫБАЙҰЛЫ