Ресми сайттар
Видео

Bos jumys oryndary. Orystildi jýrnalıs qajet! «Nurly ólke» gazetiniń redaksıasyna jumys tájirıbesi bar orys tilinde jazatyn tilshi qajet. Baılanys telefondary: 8 (72772) 2 32 32, 8 705 965 3661

Bos jumys oryndary

Orystildi jýrnalıs qajet!
«Nurly ólke» gazetiniń redaksıasyna jumys tájirıbesi bar orys tilinde jazatyn tilshi qajet.

Baılanys telefondary:

8 (72772) 2 32 32,

8 705 965 3661


Главная » Bаsty bеt » Басқа » КӨШ - КЕРУЕННЕН ШЕЖІРЕ - СЫР

КӨШ - КЕРУЕННЕН ШЕЖІРЕ - СЫР

17 Қыркүйек 2021

Осыдан жарты ғасыр бұрын тек аңызғақ жел ескен, қызыл құм суырған құладүз далада Қапшағай атты жас қаланың бой көтеруі ел үшін үлкен жаңалық болды. Содан бергі елу жыл ішінде келбетіне сәні, салтанатына мәні үйлескен Қапшағай талай ұлт пен ұрпақтың өкілін құшағына алып, жылдармен бірге есейгендігіне уақыттың өзі куә.

Қазақ журналистикасының қайраткері, Балқаш ауданының Құрметті азаматы, ардагер журналист Зарыққан Әбілқасымұлының баспаға дайындап жатқан «Қапшағай Қонаевтың қолтаңбасы» атты кітабы Қапшағай ГЭС-і мен Қапшағай қаласының салынуы жайлы архив қойнауындағы құнды дәйек – деректерді молынан қамтыған, өткен жылдардың көш - керуенінен шежіре – сыр шертеді. Қала күніне орай оқырмандар назарына сол кітаптан шағын үзінді ұсынуды жөн көрдік.

Көне ескерткіштер құпиясы

1954 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының тарих, археология және этнография институты болашақ Қапшағай ГЭС су қоймасы аймағында археологиялық ескерткіштерді зерттеу бойынша елеулі жұмыстарды қолға алды. Зерттеу жұмыстары Қапшағай ГЭС-ін жобалаушы Ленинградтың «Гидроэнергопроект» институтымен келісім - шарт арқылы жүргізілді. Экспедиция жұмысына ҚазПИ-дің аға оқытушысы И.И.Копыловпен бірге орта мектептің ұстаздары Л.Ф.Катурга, Н.И.Дибцов, сондай-ақ ҚазМУ мен ҚазПИ студенттері тартылды.

Археологиялық экспедицияның басым көпшілігі аса маңызды халық шаруашылығы міндеттері айқындалған аудандарда жұмыс істеді. Олардың екеуі (Іле және Шығыс Қазақстан) Қапшағай мен Бұқтырма СЭС-ін салу барысында су басуы немесе жойылуы мүмкін деген тарихи ескерткіштерді зерттеумен бірге қазба жұмыстарын қатар жүргізді.

Іле археологиялық экспедициясы (жетекшісі - тарих ғылымының кандидаты Кемел Ақышев) жұмысына Қапшағай су қоймасының аумағы, Іле өзенінің сол және ішінара оң жағалауындағы сағалары болып табылатын Қаскелең, Талғар, Түрген, Құр, Үлкен Шелек өзендерінің аумағы қарастырылды. Жалпы, ол Қапшағай шатқалынан Борохудзир ауылына дейінгі ұзындығы 180 километр, ені 20 - 32 километр көлеміндегі кең алқапты қамтыды.

Экспедицияның негізгі міндеті су басу аймағындағы барлық археологиялық ескерткіштерді толық анықтау, картаға түсіру және барлау жұмыстарын жүргізу болды. Іле кентінің оң жағалауынан жоғары қарай өзенді бойлай орналасқан қорғандық топтар бір-бірінен 1-2 километрден аспайтын қашықтықпен бөлініп, Іле жағалауынан басталып, кейбір жерлері өзен жайылмасы мен жазық далаға ендей кіріп, Шолақ тауына дейін созылды. Әрбір қорымда 50-ден бірнеше жүзге дейін қорғандар бар еді. Іле өзенінің сол жағалауында ГЭС құрылысына жақын жерде «Қапшағай» деп аталған 2 қорым, 8 қорған және ұсақ қорған топтары, сондай - ақ Іле өзенінің оң жағалауында 52 қорым мен 2500-ден астам көне жерлеу орындары бар қорғандық топтар анықталды.

Су қоймасы ауданындағы ең көне ескерткіштер экспедиция барлауында белгілі болғандай, неолит дәуіріне (б.з.д. 12-15 мың жыл) жатқызылды. Бұл тұрақтардан қазақстандық микролитикалық құралдар: пышақ тәріздес пластинкалар, дөңгелек және шеткі қырғыштар, жебелердің ұштары, тескіштер т.б. табылды. Қаскелеңнің Іле өзеніне құятын сағасы мен Іле кентіне дейінгі өзеннің оң және сол жағалауларынан да осындай олжалар молынан кезікті.

Ескерткіштерді анықтау, зерттеу және археологиялық карта жасаумен бірге экспедиция 10 қорым мен 49 обаны қазып көрді. Бұл қорымдардан табылған түрлі құралдарды археология мамандары жерлеу салтына қарай б.з.д. соңғы ғасырлар және б.з.д. VІ-VІІІ ғасырлар деп екі хронологиялық кезеңге бөліп қарастырды. Аталмыш археологиялық ескерткіштердің бір бөлігі жерлеу ғұрыптары бойынша үйсін тайпасына, екінші бөлегі түрік қағанатының дәуірі кезеңіне тұспа-тұс келді. Тарих, археология және этнография институты мамандарының пікірінше, аталмыш археологиялық ескерткіштер Орта Азияның Қытаймен байланысын сипаттайтын ежелгі тарихи танымының бастау көзі болды.

Қазақ Ғылым академиясының тарих, археология және этнография институты су қоймасы аймағында орналасқан ескерткіштердің ғылыми құндылығын ескеріп, 1957-1960 жылдары зерттеу жұмыстарын қайтадан жалғастырды. Арнайы қаражат бөлініп, 240 көне жерлеу орындары зерттелді. Бұл қола дәуірдегі қоныстар мен ертедегі көшпелілердің тұрақтарын есептемегенде, барлық жерлеу орындарының небәрі 10 пайызын ғана құрады.

Іле экспедициясы Қазақстанның археологиялық картасында беймәлім «ақтаңдақ» болып келген ежелгі ескерткіштерді анықтау және тіркеу бойынша өте маңызды жұмыстарды атқарып шықты. Ал Қапшағай су қоймасы толтырылғанда көне ескерткіштер өз құпиясын көл тұңғиығына мәңгілікке алып кете барды...

Ұмытылмайтын сағаттар мен минуттар

1970 жылы 1 қазанда Қазақ КСР Министрлер Кеңесі нұсқауының негізінде Қапшағай ГЭС-ін пайдалану кәсіпорны құрылды. Гидростанцияның екі агрегатының іске қосылуын қамтамасыз ету мақсатында 1970 жылдың желтоқсан айы басталысымен «Иртышгэсстрой» басқармасының жанынан арнайы штаб құрылды. Штаб бастығына «Иртышгэсстрой» басқармасының бастығы В.А.Саакян, штаб бастығының орынбасарлығына «Иртышгэсстрой» басқармасының бас инженері П.В.Голубев бекітілді. Сондай-ақ штаб жанынан «Иртышгэсстрой» басқармасы бастығының орынбасары И.С.Чуйкиннің жетекшілігімен 17 адамнан құрылған жедел топ ұйымдастырылып, штаб отырысы күн сайын сағат 14-тен 15-ке дейін тұрақты өткізіліп отырылды.

5 желтоқсанда гидроэлектр станциясының бірінші кезегін іске қосуды қамтамасыз ететін негізгі жұмыстардың көлемі толық орындалды. Тек 1970 жылы ғана 20 млн. сомның күрделі қаржысы игеріліп, іске қосу кезеңі басталды. Осынау басты оқиғаны гидроқұрылысшылар артық кемі жоқ жеті жыл күтті. Олар қиын әрі күрделі жолдардан өтті. Бірінші агрегат сынақтан өткізу дайындығына қойылды. Монтаждаушылар үшін іске қосу кезеңі өте жауапкершілікті қажет етті. Басты назар генераторға аударылып, тексеру жұмыстары жүргізіле басталды.

7 желтоқсанда гидроқұрылысшыларға суқабылдағыштың жұмыс қақпақтары мен негізгі жабдықтарды монтаждау, тоннельдерде және турбиналық суағардың ашық

учаскелеріндегі жартасты үңгіп қазуды аяқтау, арналық және сайдағы бөгеттердің 465 белгісіне жеткізу міндеті қойылды.

10 желтоқсанда 11 сағат 30 минутта бірінші сорғы, арада жарты сағат өткенен кейін екінші сорғы өшірілді.

11 желтоқсанда Қапшағай су-электр станциясы каналының іске қосылуға дайын болғаны барлық участоктарға лезде мәлім болды да, мұны көруге сменадан босағандар үйлеріне қайтпастан барлығы станцияның құрылыс алаңына жиналды. Мұндағы қызу жұмысты «Иртышгэсстрой» басқармасының бас технологы Юрий Львов басқарып, экскаватор мен бульдозерлерді каналға жақындастыра бастады. 15 сағат 45 минутта канал арнасының тоғысар жері аршылып, топырағы қалыңдатыла үйілісімен канал суы асау өзендей арқырай жөнелді. Құрылысшылар шексіз қуанышқа бөленіп, бір-бірін құттықтап жатты. Әсіресе, көп құрметіне бөленген Қапшағай су электр станциясындағы құрылыс басқармасының бастығы Владимир Решетников, экскаватор машинистері Геннадий Иконников, Николай Чабан мен олардың көмекшілері Виктор Белозеров, Михаил Горянин, бульдозеристер Тимофей Фисак, Николай Титов, Анатолий Мирошниктердің қуаныштарында шек жоқ еді. Қапшағай каналының арнасы суға лық толып, ымырт үйіріле электр жарығының нұрлы сәулесі суда шағылысып, жаңа бір тіршілік тынысын өмірге әкеп енгізгендей әсерге бөледі.

Бірінші агрегаттың құрылыс қабылдап алу үшін мемлекеттік комиссия тобы күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп, әр сағат сайын комиссия отырысы өткізіліп, қабылданған шешімдердің орындалуы мүлтіксіз тексеріліп, гидростанция цехтарының бастықтары объектілердің дайындығы туралы есептері тыңдалып отырылды. Құрылыс штабында «Иртышгэсстрой» басқармасының бастығы Валерий Арташесович Саакян мен мемлекеттік қабылдау комиссиясының төрағасы Георгий Афанасьевич Папафанасопуло кезекшілік етті.

13 желтоқсан күні 14 сағат 45 минутта Мемлекеттік қабылдау комиссиясының төрағасы Г.А.Папафанасопуло жұмыс комиссиясы ұсынған материалдар мен жекелеген тораптардың тапсырған актілерін қарап шығып, бірінші агрегатты бос сынаудан өткізу туралы шешім шығарды.

15 желтоқсан. 12 сағат 30 минут. Агрегатты бос айналдырып көруге сынақ басталып, оның техникалық схемасы бекітілді. Бірінші агрегатты іске қосуға «Спецгидроэнергомонтаж» учаскесінің бас инженері Генрих Станиславович Козловский тағайындалып, гидростанцияның машина залына Қазақ КСР Энергетика және электрлендіру министрі Тимофей Иванович Батуров, «Шығысгидроэнергострой» бас басқармасының бастығы Геннадий Федорович Масловский, құрылыс басшылары, мемлекеттік қабылдау комиссиясының мүшелері толық жиналып, алда атқарылатын жұмыстардың жай-жапсарын талқылады.

17 желтоқсан. 16 сағат 20 минут. Агрегат тоқтатылып, статор орамасы мен генератор роторын кептіру аяқталып, жоғары кернеулі генераторды сынауға дайындық басталды. 17 сағат 40 минут болысымен аға прораб Борис Луконин бригадир Лев Красавинге бұйрық берісімен сығылысқан су канал арнасына қарай жөңкіле жөнелді. Осыдан кейін турбина ақырындап жұмыс істей бастады.

19 желтоқсан. 17 сағат 7 минутта агрегат жоғары кернеуге қоюдың дайындығы басталды. 21 сағат 22 минутта генератор трансформаторға қосылған соң номиналды кернеу жоғары көтеріле бастады.

20 желтоқсан. Сағат 8-де ГЭС басқарудың орталық пультінде инженер Иван Калистратович Полянскийдің кезекшілік етуімен гидростанцияның бірінші агрегаты өнеркәсіптік ток беріп, алғашқы жұмыс ауысымы басталды. Агрегаттың «тәртібін» монтаждаушылар қадағаласа, арнайы басқару қалқанында инженерлер Евгений Тишкин мен Владимир Назиров агрегаттың жұмыс режиміне бақылау жүргізді.

22 желтоқсан күні сағат 8-де Қапшағай гидростанциясы 1500000 киловатт-сағат электр энергиясын берді. Орта Азиядағы ең ірі су-электр станциясының шамшырақтай оттары өз сәулесімен жан-жаққа нұрын шашты. Су электр станциясының электр энергиясы Алматының энергия жүйесіне келіп, ол Орта Азия республикаларының электр магистральдарымен жалғасты.

Бұл «Иртышгэсстройдың» 5 мың адамдық ұжымының және көптеген арнайы кәсіпке бейімделген құрылыс және монтаж бөлімшелерінің, сондай-ақ су - электр станцияларына арнап турбиналар жасаған Сызрань машина жасаушыларының Энергетиктер күні мен ГОЭЛРО жоспарының 50 жылдығына зор еңбек тартуы болды. Қапшағай су торабы Іленің сағаларында ауыл шаруашылығын анағұрлым интенсивті түрде өркендетуге, суармалы егіншілікті ұлғайтуға, Балқаш ауданында Ақдала массивін игеруге мүмкіндік туғызды.

ГЭС-тің негізгі құрылыстарына және қосалқы объектілерге 140 мың текше метр бетон салынды, жер мен жартастарды қазу жұмыстарының көлемі 1 миллион 800 текше метрді құрады. Бөгеттің денесіне 700 мың текше метр топырақ жуылып, 5 мың тоннаға жуық жабдықтар, 3 мың тонна металл құрылымдары мен арматура орнатылды.

Қапшағай ГЭС-ін энергиямен жабдықтау, ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығын, су көлігі мен басқа да салаларды дамыту мәселелерін шешетін кешенді су шаруашылығы нысаны болып табылды. Қуаты бойынша оны Өскемен, Бұқтырма, Горький, Еиев, Днепрогэспен салыстыруға болатын еді. Мемлекеттік құрылыс қабылдаған мұндай су-электр станцияларының негізгі құрылыстарын салу нормалары - 48 ай болса, Қапшағай ГЭС-і Іле өзені бөгелгенен кейін 27 айдан кейін толықтай іске қосылды. Бұл отандық және шетелдік гидроқұрылысшылардың тәжірибесінде бұрын - соңды болып көрмеген теңдессіз жетістік болып саналды.

Зарыққан ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ