Архив газеты


Жарық сыйлайтын мекеме

Главная » Bаsty bеt \ Главная » Жарық сыйлайтын мекеме
10 Января 2019

Заманның өзгергені соншалық, бұл күндері тіршілігімізді электр энергиясысыз елестету өте қиын. Онсыз тіршілік тоқтап қалатын секілді. Қапшағай аймағының жұртшылығын қуаттың осы көзімен қамтамасыз етіп отырған «Алатау Жарық Компаниясы» акционерлік қоғамының Іле аудандық электр жүйесі 2018 жылды елеулі табыс-тармен аяқтап, жаңа жылға жаңа міндеттерді атқаруды мойнына алып отырған жағдайы бар. Желтоқсан айының соңғы күндері кәсіби мерекелерін атап өткен бұл мекеменің басшысы, Қазақстан Республикасының Құрметті энергетигі Бақытбек Кенжебекұлы Алпанбековпен кездесіп, әңгімелесудің сәті түскен болатын. Қазақ Ауыл шаруашылық университетінің «Ауыл шаруашылығындағы автоматизация мен электрификация» факультетін бітіріп, еңбек жолын осы салаға арнап келе жатқан басшы әңгімесін тарих қойнауына енген жылдың ерекшелігінен бастады.
-Жыл он екі ай бойы электр энергиясымен үзбей қамтамасыз етіп отыру-айтуға ғана оңай дүние. Содан да шығар, өткен,2018 жыл біз үшін қарбаласқа толы, күрделі кезең болды. Электр желілерінің мінсіз қызмет етуі үшін талапқа сай күтім жұмыстары жүріп отыру керек. Күндіз-түн демей, уақытпен санаспай еткен еселі еңбегіміз еш кетпей, жылды өзіміз ойлағандай аяқтағанымыз анық.
Тіршіліктің тоқтамайтынын ескерсек, биылғы жылы да алдымызда қыруар шаруалардың тұрғанын сезінеміз. Электр желілеріне толық модернизация жасамақпыз. Кейбір учаскелерде электр желілері өзінің қызмет ету мерзімін бітірген. Соларды жаңа желіге ауыстыру қажет. Жасалатын жұмыс ауқымы өте үлкен. Оларды жүзеге асыру кейде қаржыға тірелетіні де бар. Алайда, көздеген межеден шығуымыз керек.
Біздің жұмысымыздың бір ерекшелігі-үнемі қауіпті аймақта жүретініміз. Біздің жұмысымызда қателесуге жол жоқ. Біз үшін әр адамның өмірі қымбат. Сондықтан еңбекті қорғауды, әр жұмысшымыздың өз ісіндегі сауаттылығын, тәжірибесін арттыруды бірінші кезектегі дүние деп қабылдаймыз.
Осы ұжымға басшы болып келгеніме екі жылдан аса уақыт болып қалды. Ұжымда 200-дей адам еңбек етеді. Олардың әрқайсысының аты-жөндерін, кәсіби шеберлігінің деңгейін жақсы білем. Өйткені олардың әрқайсысынан мезгіл-мезгіл сайын сынақ алып тұрамын.  Ұжым өте ұйымшыл.
Бізде тәлімгерлік дәстүр жақсы жолға қойылған. Жұмысқа жаңа тұрған жас маманның тәжірибесі болмайтыны анық. Өз ісін жақсы білетін мамандарды соларға жүктеп отырамыз. Олар  өз білгендерін жастарға үйретіп отырады. Мамандардың бақылауында болған адам белгілі уақыттан соң сынақ тапсырады.  Сынақтан өткендердің еңбегі де ескеріліп, маман ретінде жоғарылай береді.
Жұмысымыздың тағы бір ерекшелігі-дала жағдайында өтетіндігі. Ол жерде күн ыстық па, қақаған қарлы суық па, дауыл соғып тұр ма, жаңбыр ма оған қарамайды. Апат болған жерді қысқа мерзімде қайта ретке келтіріп, керекті қуатпен қамтамасыз етуіміз керек. Энергетиктер осындай апат болғанда бәрі бір кісідей жұмылып кетеді.  
Еселі еңбектің өтемі болғаны дұрыс. Осы орайда еңбек үлгісін көрсетіп жүргендердің еңбегін елеп отырамыз. Жетіген учаскесінің шебері Әрін Қалиев «Самрук-Энерго» кәсіпорнының Құрмет   грамотасымен, зейнеткер
Валерий Валентинович Макурочкин «Ардагер энергетик» төсбелгісімен,  Мұрат Досмұқамбетұлы Баймұқанбетов «Қазақстан Республикасының Құрметті энергетигі» төсбелгісімен марапатталған. Осындай еңбек адамдарының тізімдерін соза берсек болады.
2018 жылды толағай табыс-тармен шығарып салған біз жаңа жылда де еңбек ырғағымызды бәсеңсітпей, ел-жұртқа жасайтын қызметіміздің сапасын арттырамыз деп ойлаймын.
Әңгімелескен
Алтынбай ШӘКЕНҰЛЫ

Поделится

+7(72772)  2-32-32

+7(72772)  2-31-28