Bos jumys oryndary
Orystildi jýrnalıs qajet!
«Nurly ólke» gazetiniń redaksıasyna jumys tájirıbesi bar orys tilinde jazatyn tilshi qajet.
Baılanys telefondary:
8 (72772) 2 32 32,
8 705 965 3661
Ауылдың қазағы ауылдан неге көшеді?
Жасыратыны жоқ, кешегі кеңес заманында ел-жұрт атамекен қонысында сүттей ұйып, шаруашылықтың түрлі саласында өз тірлігін тұрақты жасап, бала-шағасын жетілдіргені анық. Басымызға келген басқа қоғамдық формация өзімен бірге ауылдың тыныс-тірлігіне өз өзгерісін ала келді. Баяғыдай «Үкімет өлтірмейді» деген қағида енді келмеске кетіп, өз күніңді өзің көрмесең «баяғы күнім күн екен, ендігі күнім не болады?» дегенге әкелді. Бұрынғы шаруашылықтар бірінен соң бірі жабылып, ел тірлігі ескексіз қайықтың күйіне көшті. Елде жұмыссыздық белең алып, сенделген халық жұмысы бар жерлерге бет ала бастады. Кейбір басқа ұлттың өкілдері өздерінің тарихи Отандарына ат басын бұруға шешім қабылдады. Сөйтіп елде ішкі және сыртқы миграция деп аталған екі миграция жүрді. Сыртқы миграцияда басқа ұлт өкілдері тарихи Отандарына бет бұрып, шекара асып жатса, ішкі миграцияда өз қандастарымыздың ауылдан қалаға көшу тенденциясы байқалды.
Ауылда қалып, кәсіпкерлікті дамыту үшін де алғашқы капиталдық қор керек. Ол жоқ. Енді қәйтпек? Қаракөз қандасымыздың орманға қарап ұлыған қасқыр секілді аңсары қала болып, ат басын сол жаққа бұрудан басқа жол қалмаған соң сол шешімге келуге мәжбүр болды. Ал ол жақта оны кім күтіп тұрсын?! Қалаға көшіп келген қазақ баласының маңдайы жаңа жерінде май-шелпекке кенелгені де шамалы. Басым бөлігінің қалаға келгендегі тапқан жұмысы- жеке үй салғандардың мерзімді, тиіп-қашқан құрылысы. Өзбек мигранттарымен таласа жұмыс іздеп Алтынордада, не Сейфуллин даңғылы бойында отырғаны. Болмаса базар жағалап арба сүйреу ғана маңдайына жазылғандай. Өз үйі, өлең төсегі болмаған соң азын-аулақ жұмыстан бар тапқан-таянғанын арендада отырған пәтеріне төлеп, одан қалғанын ғана бала-шағасының ішіп-жеміне жеткізіп отырған қазақ баласының әлі қашанға дейін кісі есігін жағалайтыны белгісіз. «Қалаға неге келдің?» дей алмаймыз. Өйткені ауылда жұмыс жоқ. «Мемлекет асып жүрген өзбек ағайындар емес, жүрсе өз елінде жүр ғой» деп, өзімізді жұбатамыз. Сөйткен қалалық атанған қандасымыз барды қанағат тұтып, өлместің күнін көріп жатқаны.
Ата-бабасы қоныстанған ауылда қырық жыл тұрып, неге аяқ астынан ауыл адамы қалаға көшті? Оған жауап берген сияқты болдық. Ауыл-бәріміздің алтын бесігіміз. Үлкен Отанымыздың мөлдір бастауы. Кемпір-шалдары ғана қалған ауылдарды көзің көргенде жүрегің жылайды. Ауылды сақтап қалу үшін осы көшті тоқтатуға бола ма? Қалай тоқтатамыз? Ол үшін Үкімет не істеу керек? Осы мәселе төңірегінде ойларымызды таразы басына тартып көрейік.
Біз бірнеше стратегиялық бағыттар жасадық. Оның ішінде «2030» атты даму бағдарламасы, одан бөлек «2050» деген де болды. «Отыз жетілген мемлекеттердің қатарына қосыламыз» деген болжамдар да болды. Олардың кейбір сатыларына жетсек те түбіне дейін жету мәселелерін анықтап, барымызды саралап, баға берген ешкім жоқ. Әйтеуір қаржыны осы бағыттарға құйып жатырмыз. Нәтижесі қалай болып жатыр? Оны зерделеу, қабылданған стратегиялық бағдарламалардың тиімділігін анықтау назардан тыс қалған секілді.
Әлі де болса жеткен жетістігімізді елеп-екшеп, қол жеткен дүниені айтып, жеткен жерімізді анықтап алуымыз керек. Әлеуметтік саясатқа қатысты қабылдауға тиіс бағдарламалардың біраздары кешеуілдеп жатыр. Соның барлығын жинақтап, комплексті жүргізетін болсақ, сонда істелінбей жатқан дүниелеріміз өзіндік шешімін табар еді. Өйткені қаржы біреу. Бюджет біреу. Соны ыңғайластырып отырып, ақсап жатқан тұсымызды қалай жеткізуіміз керек? Соны білуіміз керек. Ол үшін жағдайымызды терең зерделеуіміз керек. Негіздеме болу керек.
Бізде қазір «Нұрлы жер» бағдарламасы бар. Өте жақсы бағдарлама. Оның басты идеологиясы-халыққа жұмыс тауып беру. Тек 2020 жылы осы бағдарламаға 1 триллион 80 миллиард ақша жұмсау көзделген екен. Оның деншілігі жұмсалды. Сол ақша өңірлерде жол салу, ауылдарды абаттандыру, үй салу, кейбір су кәріздерін ретке келтіруге жұмсалды. Бұл да-керек нәрсе. Қарап отырсаңыз, мұның бәрі-белгілі мерзім ішінде ғана атқарылатын науқандық жұмыстар. Осы нысандарда адамдар көп болса бес-алты ай ғана жұмыс істер. Қысты күндері көптеген жұмыстар тоқтап қалады. Қалған жеті айында ол не істеу керек? Жылдың қалған мерзімінде оған қандай жұмыс тауып бере аламыз?
Оның жұмысы тұрақты болу үшін қаражаттың жартысын өңірлерде, тіршілігі бар ауылдарда бір тұрақты жұмыс орнын ашып беретіндей өндіріс орнын салсақ. Сол жерде қандай потенциал бар? Кірпіш өндіру ме, жүн түтіп, көрпе тігу керек пе, тері илеп, тон тігетін тігін цехын ашу ма, немесе құс өсіріп, сол жерден жұмыртқа алуға, ет өндіруге бола ма? Біз ауылдық жерде тұратындарға тұрақты жұмыс болатындай жағдай жасауымыз керек.
Бұрын колхоз-совхоздар болған. Халықтың басым бөлігі сол шаруашылықтарда тұрақты жұмыс істеген. Соның арқасында ол кездері қалаға көшу деген тенденция болмаған. Қазір де ауылдық жерде соған парапар шаруашылық ашуға негіз салу керек. Мәселен, ауыл халқының ежелгі кәсібі мал өсіру мен жер өңдеп, азық-түлік қорын молайту болып келгені анық. Ауылда аграрлық бағытты дамытып, шаруа қожалықтарын көптеп ашып, соған ел-жұртты бейімдесе, тартса, халық оны іліп алып кетері анық. Сонда ертеңгі күніне сенімділік ұялайтын болар еді. Ол жерден тұрақты табыс тапқан болар еді.
Бүгінгі таңда біздегі әлеуметтік мәселелердің туындап жатуының себебі алатын табысында тұрақтылық жоқ. Қазір жұмыс адамы бүгінгі тапқанына мәз. Бүгін бар дүниесі ертең жұмыстың жоқтығынан болмай қалуы мүмкін. Демек, оның ертеңгі күніне сенімділігі жоқ. Арты соқпақ, алды бұлыңғыр, тұмандау. Кеңес заманын көксеп отырғанымыз жоқ, алайда сол кезде тұрақты жұмыс болды. Тұрақты жұмыстан тұрақты табысы болды. Тұрақты жұмыстан тапқан табысының бір бөлігін қалдырып, жинап отырды. Ол ақшаға кір жуғыш машина, не тоңазытқыш сатып алатындай жағдайы болды. Бүгінгі таңда ол ештеңе қалдыра алмайды. Өйткені тапқан табысы күнделікті шығынмен кетіп отыр. Осыдан келетін ой, тағы да қайталап айтайық, біз басты саясатымызды тұрақты жұмыс беретін жағдайға бұруымыз керек.
Тұрақты жұмысы, тұрақты табысы болмаған адамның жағдайын кім түсінер?! Өмірдің қиындығына қайсарлығын танытып, өлместің күнін көріп, тірлік кешіп жатқан ең алдымен өз қандастарымыз екенін естен шығармасақ, мемлекет басындағы ел ағалары мемлекеттік деңгейде шара қабылдамаса өз елінде өгейдің күйін көргені сол көргені болып қала бермек.
Ауыл адамы ауылда тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілсе ғана елдің, жердің иесі атанып, алтын бесік ауылымызды тоздырмай, еңбектің көзін, пайданың өзін табуына болады. Сонда ғана ауыл халқының, соның ішінде ауыл жастарының қалаға ағылуы тоқтап, адами бақытын кіндік қаны тамған жерден табады деген ойдамыз.
СИҚЫМБЕКТІҢ Алтынбайы