Ардагерді туған күнімен құттықтады
Соғыс –барды жоқ етіп, жер бетіндегі тіршілік атаулыны жалмап жұтатын тажал. 1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия мен оның европалық одақтастарының Кеңес Одағына тұтқиылдан шабыл жасаған мәлім. Қазіргі таңда Ұлы Отан соғысында Отан үшін от кешкен ардагерлер қатары сиреп қалғаны белгілі. Ел басына күн туған шақта қолдарына қару алып, болашақ ұрпақтың жарқын болашағы үшін басқыншылармен жанқиярлықпен шайқасып, Кеңес Одағын жаудан азат ету жолында лайықты үлестерін қосып, өшпес ерлік жасаған ата-әжелеріміздің абзал рухтарына тағзым ете отырып, бүгінгі күні арамызда қалған санаулы ардагерлерімізді ардақтау өскелең ұрпаққа парыз десек, артық айтқандық болмас. Дүйсенбі күні Қапшағай қаласының бүгінгі көзі тірі ардагерлерінің бірі Виктор Павлович Гуляев 94 жасқа толды.
Ардагерді туған күнімен құттықтау қапшағайлықтар үшін игі дәстүрге айналған. Сол жанды дәстүр жалғасын тауып, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Беспаев, оның орынбасары Виктор Федоров, Ауған соғысы ардагерлер одағының төрағасы Мұрат Кутеев пен орынбасары Қанат Молдабергенов, Қапшағай қаласының бас имамы Алдажар Сейітұлы кешегі сұрапыл соғыстың куәгері, одан кейінгі бейбіт өмірдің тынымсыз тірлігінің небір тарихи кезеңдерін бастан кешіп, талай буын өкілдерін көрген, татар дәм-тұзы әлі таусылмаған Виктор ақсақалдың шаңырағына арнайы барып, ардагерді туған күнімен құттықтады.
В. Гуляевтың туған күнімен құттықтаушыларды бастап барған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Беспаев өзінің Ұлы Отан соғысы кезінде елін-жерін қорғауда ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, Отан үшін кеуделерін оққа тосып, жеңісті жақындатуға зор үлес қосқан Кеңес сарбаздарының ерлігін ұмытпау әрі оны кейінгі ұрпаққа аманат етуді парыз санайтындығын айта келе, ардагерді туған күнімен шын жүректен құттықтап, денсаулық, отбасылық береке, ұзақ ғұмыр тілеп, сыйлық пен гүл шоғын тарту етті.
Қапшағай қаласының бас имамы Алдажар Сейітұлы әлем тарихындағы ең ауқымды, шығыны шаш етектен болған, Қызыл Армияның жеңісімен аяқталған қанқұйлы соғыстан аман-есен оралып, еліміздің өсіп-өркендеуі үшін өлшеусіз үлес қосқан ардагерге құттықтау лебізін жеткізіп, иығына шапан жауып, сый-сияпат жасады. Алдажар Сейітұлы ерлік даңқы ұшқынымен жүздері жарқын болып, тарихта өшпестей із қалдырған майдангерлердің ешқашан ұмытылмайтынын, қайта жылдар жылжып, қатарлары сиреген сайын айшықтана түсіп, ұрпақтар санасында сәулелене беретіндігін, олардың өмір жолдары келешек ұрпақ үшін өнеге болып табылатындығын, екіншідүниежүзілік соғысы ардагерлерінің өшпес ерліктері әлем тарихында мәңгілікке жазылып қалғандығын атап өтті.
Соғыс және еңбек ардагері Виктор Павлович өзін туған күнімен арнайы құттықтап келіп отырған қонақтарына жеке альбомындағы зұлмат соғысқа қатысты суреттерін, сарғая бастаған газет қиындылары мен құжаттарды көрсетіп, өзін елеп-ескеріп, туған күнімен шынай көңілмен құттықтап келген меймандарға ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.
Айжарық БАҚТЫБАЙҰЛЫ